Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ведомстволық жоғары оқу орындарының үздіктері лейтенант шенін алды

Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай көк байрағымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалды. Сонымен қатар еліміздің әскери және ведомстволық жоғары оқу орындарының түлектеріне лейтенанттық погондарды тапсыру рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Іс-шара барысында үздік 12 түлек Президенттің – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шендерін алды.

– 2019 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына түсіп, онда төрт жыл оқып, үздікке бітірдім. Бүгін мен үшін Президенттің өзінен лейтенант шенін алу – үлкен мәртебе. Бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандаған болатынмын, – деп атап өтті Самат Темірбеков.

Жас тергеушінің әкесі де ішкі істер органдарында қызмет еткен. Осындай айтулы күні ер адам жұбайымен бірге ұлын қолдау үшін Астанаға арнайы келген.

– Ұлымның академияны бітіргеніне өте қуаныштымын. Оның арқасында біз, ата-анасы, осы шараға келіп қатыса алдық. Өзім де 25 жыл бойы ішкі істер органдарында жұмыс істедім. Қазір зейнеттемін, – деді Саматтың әкесі Талғат Темірбеков.

Курсанттарды ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та құттықтады. Ол үздік оқығандарға офицерлік шен табыстады. Ведомство басшысы сақшыларға табандылық пен сәттілік тіледі.

Ал лейтенанттар өз елінің игілігі үшін жұмыс істеп, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге уәде берді.

– Бүгін ішкі істер министрінің қолынан алғашқы офицерлік шенімді алдым. Әскери жолды бала кезімнен армандадым. Алға қойған мақсатым болатын. Міне, өзімнің арманыма жеттім, – деді ҚР Ұлттық ұлан академиясының түлегі Ердәулет Жанғали.

 

– Өте қуаныштымыз. Толқу үстіндеміз. Баламыздың өзінің еңбегі, бүгін нәтижесін көруде. Біз ризамыз, – деді Ердәулеттің анасы Гауһар Есенова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру