Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заңды талапқа бағынбаған жүргізуші жауапқа тартылды

Түркістан облысының полицейлері мас халде көлік басқарған және полицейдің заңды талабына бағынбаған жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын хабарлама түсіреді. Ол өз хабарламасында ауыл көшелерінің бірінен өтіп бара жатып жол бойында қарға тығылып қалған көлікті көргенін жеткізді. Және оның ішіндегі жүргізушісі мас халде болуы мүмкін екенін айтқан. Ақпарат алысымен оқиға орнына Түлкібас АПБ Әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Әлімжан Қарақұлов жетеді. Тәртіп сақшысы бірден қарға батып тұрған “Hyundai Accent” маркалы көлікті қызметтік көлігімен тартып шығарып алады. Содан жүргізушінің құжаттарын талап етеді. Алайда, егде жастағы жүргізуші полицейдің заңды талабына бағынбастан, қарсылық көрсетіп, түрлі әдепсіз сөздер айта бастайды. Полицейдің қызметтік міндетін атқаруына кедергі келтіріп, құжаттарын бермейді, балағаттайды. Бұл жайттардың барлығы полицейдің бейнежетонына түседі.

Осылайша тәртіп сақшылары қарсыласып тұрған жүргізушінің көлігін айыптұраққа қояды. Оның “орта дәрежелі” мас халде екені анықталады. Полицейлер құқық бұзушының теріс әрекеттеріне байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) және 667-бабы (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери, полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша хаттамалар толтырады. Құжаттарды жинақтап, сотқа жолдайды.

Түлкібас аудандық сотымен құқық бұзушының теріс әрекеттері толығымен дәлелденіп, соттың үкімімен жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабымен кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.

Естеріңізге сала кетейік Қазақстанда көлік құралдарын мас халде басқарған жүргізушілерге қатысты жаза қатаңдатылған.

Осыған байланысты полицейлер тұрғындарды мас күйінде көлік құралдарын басқармауға шақырады. Сіздің, осылай ойланбай жасалған әрекеттеріңіздің соңы, басқа да көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіреді. Одан бөлек билік өкілінің заңды талабына бағыныңыз, қарсылық көрсетпеңіз деп кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру