"Заңсыз келуші – 2026" ЖПІШКөлік полицейлері 220-дан астам құқық бұзушылықты тоқтатты
Көліктегі полиция департаменті "Заңсыз келуші – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын жариялады. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзудың 222 дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталған құқық бұзушылықтардың 180-і шетел азаматтарына тиесілі. Олардың ішінде 174-і ТМД елдерінен, ал 6-ы алыс шетел мемлекеттерінің азаматтары екені белгілі болды. Сонымен қатар халықаралық іздеуде жүрген 4 шетелдік ұсталды.
Сот шешімдерімен 33 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.
Мәселен, көлік полицейлері Тараз және Жезқазған станцияларында құрылыс және жөндеу жұмыстарымен заңсыз айналысқан Өзбекстан Республикасының азаматтарын анықтаған. Олар тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек еткені үшін жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен ел аумағынан шығарылды.
Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған қазақстандық жұмыс берушілер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көліктегі полиция департаменті мәліметінше, аталған іс-шара 8–12 маусым аралығында өткізіліп, оның негізгі мақсаты — ел аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарын анықтау және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу болды.
Тәртіп сақшылары азаматтар мен жұмыс берушілерді көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
