Жалған ақпарат таратқан жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылады
Ақтөбе қаласындағы №51 мектепке бомба қойылғаны туралы екі хабарлама бойынша тексеріс жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Телефондық терроризм – бұл террористік акт немесе қылмыс дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлау. Жедел әрекет ету күштерінің жалған шақыруымен көптеген ұқсастықтары бар. Әдетте, телефон терроризмі термині қоғамдық жерде жарылғыш заттың болуы туралы жалған хабарлама деп түсіндіріледі.
Осы фактіні тексеру көп уақыт пен материалдық құралдарды қажет етеді.
Болжалды террорлық шабуылдың орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, тергеушілер, арнайы қызмет мамандары және т.б. барады. Содан кейін бұл істің соңы телефон «әзілкештердің» ата-аналарын жауапқа тартуға әкеліп соқтырады.
Мысалы, ағымдағы жылдың бір айында Ақтөбе қаласындағы №51 мектепке бомба қойылғаны туралы екі хабарлама келіп түсті. Екі жағдайда да хаттар бір электрондық мекен-жайдан келген. Хабарлама жазған адамды анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде.
– Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабында қылмыстық жауаптылық белгіленген. ҚР ҚК-нің 273-бабында көзделген жауапкершілік 14 жасқа толған адамға қатысты қарастырылған, – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді.
А. Арыстановтың айтуынша, білім беру мекемелерінің оқушылары арасында мұндай қоңыраулар жиі кездеседі. Оқушының жасына қарамастан, (оның жеке мүлкі мен табысының болмауына байланысты) келіп түскен хабарламаны тексеру жөніндегі арнайы іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты материалдық залал оның ата-анасына жүктеледі.
Осылайша, бір қарағанда «зиянсыз деген хабарлама» бас бостандығынан айыруға дейін әкелуі мүмкін.
Өткен 2020 жылы терроризм актісі туралы осындай жалған хабарламалардың екі фактісі тіркелді, қоңырау шалушылар анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.