Жамбыл облысы ҚАЖ департаментінде ТЖ режимі енгізілді
Жамбыл облысы ҚАЖ департаментінде ТЖ режимі енгізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлығына сәйкес, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 101-бабы, сондай-ақ “Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде, арнайы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы” ҚР Заңының 46-бабына сәйкес осы жылдың 19 қаңтарына дейін ерекше жағдайлар режимі енгізілді.
ТЖ режимі кезеңінде ҚАЖ мекемелерінің ішкі күн тәртібіне елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты уақытша өзгерістер енгізілді. Мекемелерде жазасын өтеп жатқан адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше оқиғаларға жол бермеу мақсатында ҚАК-нің 105-113-баптарында көзделген сотталғандардың, сондай-ақ тергеу барысында қамауға алынғандардың құқықтарын жүзеге асыруда уақытша шектеу шаралары қолданылады.Бұл ретте, сәлемдемелер заңнамада белгіленген тәртіппен берілетін болады. Кездесулер мен телефон арқылы байланыс және бейнебайланысқа уақытша шектеу қойылады. Мекемеден тыс жерлерге шығу тоқтатылды. Сондай-ақ, ҚР ҚАК 143-бабының 9-бөлігіне сәйкес қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқан адамдар өздері жұмысқа орналасқан ұйымдардан шақыртылып алынды.
Орын алған жағдайға қарамастан, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандарды барлық қажетті заттармен, сондай-ақ тиесілі нормаларға сәйкес тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуде шаралар қабылданатын болады.
– Азаматтардан барлық шектеу шаралары аяқталғанға дейін сабырлық сақтап және түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратпауды және ресми түсініктемеге ғана жүгінуді ескертеміз. Мекемелерде ерекше жағдайлар режимінің енгізілуіне байланысты берілмеген кездесу күндері сақталады және алдағы уақытта беріледі, – деді Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығы Нияз Рыспаев.
Азаматтардың қандай да бір сұрақтары туындаған жағдайда төмендегі телефон нөмірлері бойынша хабарласа алады: ЖД-158/1 8(7262)34-83-52, ЖД-158/2 – 8(7262) 54-39-94, ЖД-158/4 – 8(7262)51-33-83, ЖД-158/5 – 8(7262) 51-01-06, ЖД-158/7 – 8(7262) 52-14-13.