Жамбыл облысында есірткіге қарсы акция ұйымдастырылды
Жамбыл облысында есірткіге қарсы акция ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында есірткінің таралуына, соның ішінде интернет кеңістігінде таралуына қарсы белсенді жұмыстар жалғасуда. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласы әкімдігінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ және “AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” жастар қанатымен бірлесіп “Есірткісіз өмір – жарқын болашақ” атты ауқымды акция өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылармен есірткі заттарын таратуға қатысты заңсыз интернет-сілтемелер анықталып, жойылды. Сондай-ақ олар есірткі жарнамасы бар граффити жазулар мен QR-кодтарды бояп өшірді.
Ерекше назар жастарды заңсыз әрекеттерге тартуға тырысатын цифрлық алаңдарға аударылды.
Анықталған барлық интернет-ресурстар бұғатталды. Қазіргі уақытта тыйым салынған контент пен жазуларды орналастырған тұлғаларды анықтау және ұстау бағытында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.
Сонымен қатар “жасырып кетумен” айналысатын тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша есірткі өткізгені үшін жауапқа тартылады. Аталған баптың санкциясы 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, ал оқу орындарының аумағында есірткі таратқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырылған.
Полиция тұрғындарды бейжай қарамауға және есірткі қылмысына қарсы күреске белсенді түрде атсалысуға шақырады. Есірткіні сақтау, өткізу, притон ұйымдастыру, сондай-ақ тыйым салынған ақпаратты тарататын тұлғалар туралы “Narko Shekteu Taraz” телеграм-боты арқылы немесе “102” нөміріне хабарлауға болады. Құпиялыққа кепілдік беріледі.
