Жамбыл облысында карантин режимі енгізілді
Жамбыл облысында карантин режимі енгізілді карантиндік режим 9 сәуірде түнгі 00:00-ден бастап енгізіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған уақыттан бастап Жамбыл облысы аумағынан және облыстың барлық елді мекендерінен көліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына, адамдар мен жеке көлік құралдарының Жамбыл облысының аумағында еркін қозғалуына, сонымен қатар бір отбасы мүшелерінен басқа, кәмелетке толмағандарға ересектердің еріп жүруінсіз, сондай-ақ жеке қорғану құралдарын пайдаланбай, оның ішінде көлік құралдарын басқару кезінде 3 адамнан артық (қоғамдық тасымалдауды қоспағанда) отырғызуға және жүріп-тұруына тыйым салынады.
Карантин кезеңінде азық-түлік супермаркеттері мен дүкендері, дәріханалар, ветеринариялық дәріханалар, ауылшаруашылық техникаларына арналған автобөлшектері және ауылшаруашылық жануарларына арналған жем сату орындарынан басқа, сауда және ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, барлық азық-түлікке жатпайтын тауарлардың, автокөлік сататын дүкендердің, автобөлшектерді сату салондарының, гүл павильондарының қызметі тоқтатылды. Дөңгелек жөндеуге арналған жеке тұрған бокстарды (екіден артық емес), «Қазпочта» АҚ бөлімшелерін, Қонақ үйлерді қоспағанда, барлық қызмет түрлерін көрсету нүктелерінің қызметі тоқтатылады.
Қоғамдық тамақтану орындары «тұтынушыларға жеткізіп беру» әдісімен сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Халықтың жаппай жиналатын орындарына, оның ішінде жаяу серуендеуге арналған орындарға (көшелерге), саябақтарға, скверлерге, жағалауларға, алаңдарға, балалардың ойын алаңдарына, спорт алаңдарына және қала тұрғындарының өзге де демалыс орындарына кіруге тыйым салынады.
Сонымен қатар, учаскелік полиция қызметкерлері аулаларға тексеру жүргізсе, ал автоэкипаждағы полиция қызметкерлері облыс орталығы мен аудандарды патрульдеу барысында тұрғындарды карантин режимінің енгізілгені және оның талаптарының қатаң сақталуы туралы ескертуде.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері облыс тұрғындарына төтенше жағдайды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескерту жұмыстарын жүргізді.
Бүгінгі күні облыс аумағында 31 блок-бекет, оның ішінде Тараз қаласында 7 блок-бекет қойылған. Оларда полиция, медицина және әскери қызметшілер қызмет атқаруда.