Жамбыл облысында сотталған азаматтарға есірткіге қарсы спорттық іс-шара ұйымдастырылды
Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері және Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №67 мекемесінде спорттық іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға жазасын өтеп жатқан сотталғандар мен алдағы уақытта бостандыққа шығуға дайындалып жүрген азаматтар қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – есірткі қылмыстарына төзбеушілік көзқарасты қалыптастыру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу, сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Іс-шара барысында бүгінде есірткінің алдын алу бағытында ерікті ретінде қызмет атқарып жүрген бұрынғы сотталған азамат сөз сөйлеп, өзінің өмір жолымен бөлісті.
Ашық форматтағы кездесу барысында қатысушылар жеке жауапкершілік, заң талаптарын сақтау және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделу мәселелерін талқылады.

Спорттық жарыстардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, естелік сыйлықтармен, сондай-ақ "Есірткісіз болашақ" жазуы бар футболкалар мен бейсболкалармен марапатталды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері мен сала мамандары есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқықтық жауапкершілік, қайта әлеуметтік мүмкіндіктері және бостандыққа шыққаннан кейін толыққанды өмірге оралу жолдары туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мұндай іс-шаралар ішкі істер органдарының профилактикалық жұмысының маңызды бағыты болып қала береді. Олар қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын азаматтардың қоғамға табысты бейімделуіне бағытталған.
