Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу полициясында жас қызметкерлерді тәрбиелеудегі тәлімгерліктің маңызы талқыланды

Жетісу облысы полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар" жобасы аясында "Заң мен Тәртіп – әр отбасының құндылығы" тақырыбында бірыңғай тәрбиелік сағат өтті. Кездесуде тәлімгерлік институтын дамыту, тәжірибелі қызметкерлердің кәсіби білімін жас мамандарға жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны ашқан департамент басшылығы қазіргі заманғы полиция қызметкері заң талаптарын жетік білумен қатар, жоғары адамгершілік қасиетке, қоғам алдындағы жауапкершілікке және қызметтік борышына адалдыққа ие болуы қажет екенін атап өтті. Осы ретте тәлімгерлік институты жас қызметкерлердің кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал ететін маңызды тетік екені айтылды.

Кездесуге Ішкі істер органдарының ардагері, Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Сансызбаев арнайы шақырылды. Көп жылғы қызмет тәжірибесі мен бірнеше буын қызметкерлерін тәрбиелеуге қосқан үлесі оны кейінгі жас мамандарға үлгі болатын тәлімгер ретінде танытады.

Ашық диалог барысында жас қызметкерлер тәлімгерлерімен бірлескен жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, қызмет жолының алғашқы кезеңінде көрсетілген қолдаудың маңызына тоқталды. Ал тәжірибелі тәлімгерлер жас мамандарға бағыт-бағдар беру, кәсіби шеберлігін шыңдау және қызметтік ортаға бейімдеу барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті.

Мұндай ашық формат тәлімгерлік жұмысының қазіргі жай-күйін саралап, өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы міндеттерді нақтылауға мүмкіндік берді.

Кездесу соңында тәлімгерлік тек қызметтік міндет емес, ішкі істер органдарының болашағына салынған маңызды инвестиция екені атап өтілді. Өйткені бүгін жас қызметкерлерге берілген кәсіби білім, өмірлік тәжірибе мен адамгершілік құндылықтар ертеңгі полиция қызметінің сапасы мен беделіне тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру