Жамбыл облысында түзеу мекемесінде «Үздік жасақ бастығы» байқауы өтті
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінде «Үздік жасақ бастығы» байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік жасақ бастығы» кәсіби шеберлік байқауы өтті. Конкурс үш кезеңнен тұрды.
Алғашқы кезеңде қатысушылар өзін-өзі таныстырды. Олардың сөйлеу мәнері, тіл байлығы мен шешендік өнері сарапқа салынды. Сайысқа түскен сайдың тасындай 12 үміткер өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы ер екендерін дәлелдеуге тырысты. Ал екінші кезеңде арнайы дайындалған қысқаша видеороликтерін көрсетсе, байқаудың үшінші кезеңінде алғашқы медициналық көмек көрсету мен дене шынықтыру дайындығы бойынша тапсырманың орындалуымен бағаланды.Нәтижесінде, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысы жөніндегі бөлімінің жасақ бастығы Мейрамбек Бекхожаев жеңімпаз атанды. Ол өз қарсыластары арасында ең көп ұпай жинап, байқауда оқ бойы озық шықты. Осылайша кіл мықтының арасынан өзінің мықтылығын дәлелдеген Мейрамбек бірінші орынды жеңіп алды. Ол Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/4 мекемесінің бастығы Ерлан Тоқановтың грамотасымен марапатталды.
Айта кетейік, конкурсты ұйымдастырудағы басты мақсат – жасақ тәрбиешілер кеңесінің бірлігін нығайту, беделін арттыру. Сонымен бірге, моральды-психологиялық ахуалды жақсарту мен сотталғандармен тәрбие жұмысының сапасын арттыру және кәсіби ұйытқыны қалыптастыру болып табылады. 2016 жылдан бері Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысы жөніндегі бөлімінің жасақ бастығы лауазымын атқарып келе жатқан Мейрамбек Бекхожаев Талас ауданының тумасы. Алғашқы еңбек жолын 2009 жылы Тараз қаласындағы 17 орта мектепте «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі болып бастаған ол көп ұзамай әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған Мейрамбек құқық қорғау органына қызметке орналасады. Бүгінгі күнге дейін осы салада жемісті еңбек етіп жүр. Үш қыздың әкесі.