Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысындағы түзеу мекемелерінде 340 сотталған азамат біліп алып жатыр

Жамбыл облысындағы түзеу мекемелерінде 340 сотталған азамат біліп алып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы жабық мекемелердегі сотталған азаматтардың 55 пайызы “екі қолға бір күрек” тапқан. Нақтылай түссек, еңбекке жарамды 1745 жазасын өтеушінің 963-і ақылы жұмысқа орналастырылған. Бүгінгі таңда олардың 116-сы “Еңбек-Тараз” республикалық мемлекеттік кәсіпорындарында қызмет етсе, 157 азамат түрлі шаруашылықтарда жұмыс істеп жүр.

Ал, өзгелері жеке кәсіпкерліктерде еңбек етіп жатыр. Өңірлік ҚАЖ департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Аймен Тайтелиеваның айтуынша, департамент басшылығы тарапынан жеке кәсіпкерлермен әріптестік қарым-қатынас орнатуға айрықша көңіл бөлініп жатыр.

– Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін қолымыздан келгенше тырысып жүрміз. Осы мақсатта өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелері, бизнесмендер, прокуратура органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің басын қосатын жиындар ұйымдастырылып жатыр, – деді Аймен Ақылбекқызы.

Қазіргі таңда қолданыстағы заңға сәйкес сот үкімімен кінәлі деп танылған сотталған азаматтардың абақтының ар жағында отырып белгілі бір мамандықты иесі атануына да мүмкіндік бар.

Темір торға тоғытылған жандар ҚАЖ мекемелерінде орта және кәсіптік білім алып, мерзімі аяқталғанша сол мекемеде ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірілген шығындарын өтеп жатыр. Бұдан бөлек, олар туған-туысына материалдық көмек көрсету және жеке өзіне аса қажетті тұрмыстық заттарды сатып алу үшін еңбек етеді.

Атап өтерлігі, өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты №25, 58 және 59 түзеу мекемелерінде орналасқан №15-колледже 340 сотталған азамат білім алып жатыр. Оларға 2023-2024 оқу жылы аясында бас-аяғы 6 мамандық: токарлық іс және металл өңдеу шебері, пісіру ісі, электрмен қамтамасыз ету, кран машинисті, жиһаз өндірісі сондай-ақ ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану бойынша дәріс оқылады.

Жазасын өтеуші Әнуар осындай мүмкіндікке ие болған жандардың бірі. Жастықтың жалынымен жаңылып, жаза басқан ол түзеу мекемесінде білім алып, маман иесі атанатынына қуанышты.

– Өз басым мектепте жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Мінезім жастайымнан ауыр болды. Жоғары білім ала алмадым. Түзеу колониясына келгеннен кейін мен бұл мүмкіндікті жіберіп алмау үшін бар күшімді салуға тырыстым. Бүгінде электрмен қамтамасыз ету мамандығында білім алып жатырмын. Қазірдің өзінде біраз дүние үйрендім. Диплом алғаннан кейін мекеме қызметкерлері мені қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өндірістік аймағына жұмысқа орналассам деген ойым бар. Менің арманым – бостандыққа шыққан соң өз ісімді ашу. Осы арманымды іске асыру үшін тиісті мамандардан әлеуметтік-құқықтық көмек алып, мемлекеттен өтеусіз қаражатқа қол жеткізу, – дейді сотталған азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру