Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысының көшелерінде есірткіге қарсы мазмұндағы билбордтар орнатылды

Жамбыл облысының көшелерінде есірткіге қарсы мазмұндағы билбордтар орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

26 мамыр күні басталған есірткіге қарсы айлықтың басты міндеті — қоғамды біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын күшейту, балалардың, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтау үшін алдын алу шараларын жандандыру. Осы мақсатта Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, халықты кеңінен хабардар етуді және нашақорлықтың өзекті мәселелерін талқылауды талап етеді.

Облыс орталығында, аудан аумақтарында есірткіге қарсы сипаттағы 29 баннер мен билборд орнатылды.

– Есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған шаралармен қатар, есірткіге қарсы жандандырылған алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстың оқу орындарында мақсатқа бағытталған дәрістер мен сабақтар жүрзіліп жатыр. Есірткінің зияны туралы деректі фильмдер көрсетіліп, интерактивті сабақтар, дөңгелек үстел отырыстары өткізіледі. Бұл көбінесе теріс ықпалға тез ұшырайтын және өздерінің жетілмеген психикасы салдарынан қылмыскерлердің айла-амалдарына түсетін жастар аудиториясына бағытталған, – деп атап өтті Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру