Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысының полицейлері қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған пакет тапты

Жамбыл облысының полицейлері қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған пакет тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау мақсатында “Қарасора – 2023” жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.

Шара барысында жедел ақпаратты іске асыра отырып, Тараз қаласының шетіндегі ашық учаскедегі тұрмыстық қоқыстардың арасынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған пакетті тауып, тәркіледі.

Табылған қарудың ішінде 16 мм калибрлі Иж-17 қосауыз тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, ТОЗ-Б тегіс ұзын ұңғылы аңшы мылтығы, газды револьвер, 5,45 мм калибрлі 30 патрон, 16 мм калибрлі 4 патрон, 9 мм калибрлі 12 травматикалық патрон және оқ өтпейтін жилет болды.

– Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды, – деп хабарлады Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру