Жамбыл облысының полиция бөлімдеріне бір аптада 100-ден астам жасөспірім жеткізілді
Жамбыл облысының полиция бөлімдеріне бір аптада 100-ден астам жасөспірім жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша балалар мен жасөспірімдер түнгі ойын-сауық орындарына сағат 22:00-ден кейін тек ересектермен ілесіп баруға рұқсат етілген. Дегенмен, жасөспірімдерді мұндай мекемелерде түнгі уақытта жиі болады. Осыған байланысты полиция қызметкерлерімен рейдтiк жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.
Мысалы, облыстың 5 ойын-сауық мекемесінде полиция қызметкерлері сағат 22:00-ден кейін ересектердің еріп жүруінсіз мекемеде болған 10 жасөспірімді анықтады. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігімен (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы) әкімшілік хаттамалар жасалды. Сондай-ақ кафе иелері де ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол беру) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар 21 жасқа толмаған адамдарға алкогольді өнімдер сатудың 5 дерегі анықталды. Дүкен иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (Қазақстан Республикасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнамасының талаптарын бұзу) хаттама толтырылды.
Бір апта ішінде ІІО-ға 125 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, 164 заңды өкіл және өзге де ересектер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Бала әрқашан заңды өкілдердің бақылауында болуы керек. Егер ата-аналар балаларын тәрбиелеуге көңіл бөлмесе, олардың бос уақыты мен қарым-қатынас ортасына назар аудармаса, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жүзеге аспауы мүмкін. Осыған байланысты қоғамда саналы ата-ананың рөлін көтеру қажет, – деді ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.