Жамбылда түнгі уақытта жүрген 12 жасөспірім анықталды
Жамбылда түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз болған 12 жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар кешенін өткізуде. Осы міндеттерді жүзеге асыру және іс-шараларды үйлестіру үшін облыс орталығының полиция бөлімдерінде ювеналдық полиция инспекторлары, білім бөлімінің өкілдері, еріктілер және басқа да мүдделі органдар өкілдері тартылған жұмыс топтары құрылды.
Мәселен, облыстағы 5 ойын-сауық орындарында полицейлер сағат 22:00-ден кейін осында ересектердің еріп жүруінсіз болған 12 жасөспірімді анықтады. Олардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ дәмхана иелері ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы (Кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуға жіберу) бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл ретте 21 жасқа толмаған адамға алкогольдік ішімдік сату дерегі анықталды. Төрт дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 1-бөлігінің 200-бабы (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімдерін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оларға 40 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
– Небәрі 2 күннің ішінде облыс бойынша 39 рейд жүргізіліп, оның барысында ішкі істер бөлімдеріне 158 кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізілді. 184 ата-ана мен басқа да ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 10 жасөспірім және 6 қолайсыз отбасы есепке алынды. 3 жасөспірім қаңғыбастығы үшін бейімдеу орталығына орналастырылды, – деп хабарлады ПД ЖПҚБ ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов.