Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаңа оқу жылында сотталғандар онлайн білім алатын болады

Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/9 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде 2020-2021 оқу жылында сотталғандарды қашықтықтан оқыту ұйымдастырылатын болады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл мекемеде сотталғандарға жалпы орта білім беру үшін кешкі мектеп және қазіргі еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беретін «№ 8 кәсіптік колледж» жұмыс атқарады.

Бүгінгі таңда мекемеде жалпы орта білімі жоқ, отыз жасқа толмаған сотталғандардың орта бiлiмді мiндеттi түрде алуы ұйымдастырылған.

Отыз жастан асқан сотталғандар мен мүгедектер жалпы орта бiлiмдi өздерiнiң қалауы бойынша алады. Сондай-ақ, емтихандарды тапсыру үшiн оқушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан босатылады.

Осыған орай мекемеде бүгінгі таңда сотталғандарға жаңа оқу жылында білім беру үшін мұғалімдер тарапынан жалпы орта білімі жоқ сотталғандарды кешкі мектепте және кәсіптік білім алу үшін білімі туралы құжаттардың негізінде қабылдау жүргізілуде.

– Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин шараларының талаптарын сақтай отырып, ИЧ-167/9 мекемесінде ұсталатын сотталғандарға 2020-2021 оқу жылдары (жалпы орта
және кәсіптік) білім беру жүйесі бойынша сұрақтары жергілікті атқарушы органдармен талқыланды.

Нәтижесінде карантин кезеңінде кейстік технологиялар арқылы сотталғандардың оқу процесін ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Яғни, білім беру бөлімінің қызметкері оқу материалдарын Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің жауапты қызметкеріне МОИП электронды мекенжайына жібереді. Одан әрі мекеме қызметкері сотталғандарға оқу материалдарын таратады, сотталғандар орындаған тапсырмалардың сканерден өткізілген
көшірмелерін тексеру үшін білім бөлімінің қызметкеріне жіберетін болады. Сабақ кестесі 30 минутқа жоспарланып түзілген, – дейді департамент бастығы Талғат Абдранбаев.

Мектепті және кәсіптік колледжді бітірген сотталғандарға мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі. Осы құжат, сондай-ақ үлгерімі және сабаққа қатысу табелі сотталғандардың жеке істерінде сақталып, жазасын өтеуден босатылғаннан кейін қолдарына беріледі. Білімсіздік пен жұмыссыздықтың соңы қылмыс жасауға алып баратыны белгілі, түзеу мекемесінде білімін жетілдіріп, түрлі маман иелері болып, диплом алып шығатын сотталғандардың қоғамға
бейімделуіне мол ықпалын тигізетіні анық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру