Жаңару күні: Алматы облысында оқушылар полицияның цифрлық әлемімен танысты
19 наурыз – Жаңару күні елімізде тек мереке ғана емес, сонымен бірге жаңа саяси дәуір мен толыққанды трансформацияның символына айналған күн. Осыған орай Алматы облысының Іле ауданында ішкі істер органдарында цифрлық даму бағытындағы жобаларды таныстыру мақсатында ашық есік күні ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Іле ауданы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының №6654 әскери бөлімінде өткізілді. Аудандық орта білім беру мектептерінің "Жас сақшы" полиция сыныптарының оқушылары қатысып, цифрлық трансформация тақырыбына арналған шарамен танысты.
Кездесу барысында оқушыларға ҚР ІІМ Ұлттық ұланы мен Алматы облысы ПД бөлімшелерінде қолданылатын заманауи цифрлық құралдар мен техникалар, арнайы көліктер мен роботтар таныстырылды. Патрульдік полиция қызметкерлері "Ekin Patrol" жүйесін, жылдамдық өлшегіштерді, планшеттер мен бейнетіркегіштердің мүмкіндіктерін көрсетті.
Сонымен қатар жас сақшылар әскери қызметкерлердің бір күндік өмірімен танысып, бөлім бойынша экскурсияға қатысты. Қызметтік иттің көмегімен қылмыскерді ұстау тәсілдері көрсетілді. Іс-шара Ұлттық ұлан оркестрінің шағын концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Оқушылар мен қатысушылар бұл іс-шара арқылы құқық қорғау органдарының заманауи технологияларды қолдануымен жақынырақ танысып, цифрлық трансформацияның қоғам өміріндегі рөлін өз көзімен көрді.
