Жетісу облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шара өтті
Жетісу облысының Ескелді ауданында полиция қызметкерлері алкогольді шамадан тыс пайдаланатын тұлғалар мен психикалық дерттері бар азаматтар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Негізгі назар түсіндіру жұмыстарына аударылды. Профилактикалық әңгімелесу барысында қатысушыларға алкогольдің зияны, оның денсаулық пен мінез-құлыққа кері әсері, сондай-ақ мас күйінде құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертілді. Полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтау — тек міндет қана емес, әрбір азаматтың қауіпсіздігінің маңызды шарты екенін атап өтті.
Есепте тұрған тұлғаларға ерекше көңіл бөлінді. Оларға құқық бұзушылық тәуекелдерін азайту және өмір салтын қайта қарау бойынша ұсынымдар берілді. Психикалық аурулары бар азаматтарға медициналық көмекке уақытылы жүгіну, емдеу тәртібін сақтау және жақындарының қолдауының маңызы түсіндірілді.
Іс-шаралар аясында алкогольді көп пайдаланатын есепте тұрған 18 тұлға тексерілді, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттер болуы мүмкін орындар қаралды. Бұдан бөлек, қоғамға қауіп төндірмейтін психикалық дерттері бар екі адам бақылауда болды.
Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері 5 ерекше талап енгізіп, 6 қорғау нұсқамасын рәсімдеді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған.
— Біздің міндетіміз — тек жасалған құқық бұзушылықтарға әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу. Профилактика қылмыс деңгейін төмендетуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ең бастысы — қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті полицейлер.
