Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Жәрдемақы алып беремін”: Түркістанда алаяқ тұрғындарды алдап кетті

Түркістан облысының полицейлері мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны шығарып беремін деп, алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті екі тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандықтарын айтып шағымданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған танысы мемлекет тарапынан жәрдем ақы шығарып беремін деп сеніміне кірген. Содан жәбірленушілердің бірі осы үшін алаяққа 130 мың теңге, екіншісі 50 мың теңге ақша берген. Ал, танысы болса ақша алғаннан кейін әр нәрсені бір сылтауратып, уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдіктінің жеке-басын анықтап, оны ҚПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған әйелдің тұрғындардан алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда сіз “102” телефоны бойынша полицияға тез арада хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру