Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Жасөспірім”: Түркістан облысында 849 құқықбұзушылық анықталды

Түркістан облысының полицейлері “Жасөспірім” іс-шарасы барысында 849 құқықбұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ағымдағы жылдың 13-19 қыркүйек күндері аралығында Түркістан облысының аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтауға және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Сондай-ақ қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде карантин кезінде санитарлық нормалардың талаптарын сақтай отырып, көшелерде, аулаларда және жастар көп жиналатын жерлерде түнгі рейдтер өткізу үшін бірнеше мобильдік топтар құрылды. Жалпы облыс көлемінде 750-ге жуық полиция қызметкерлері аталмыш шараны өткізуге жұмылдырылды.

Яғни бір аптада “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде полиция басқарма, бөлімдеріне түнгі уақытта жүрген 850-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді.

Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында орын алған 849 құқықбұзушылықты анықтады, оның ішінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болуының 787 жайтын тіркеді. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған тоғыз бала балаларды қолдау орталығына орналастырылды.

Осылайша ювеналды полицейлер 22 жасөспірімнің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. 

Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған 78 ата-ана есепке қойылды. Бұл ата-аналар енді полиция қызметкерлерінің бақылауында болады. 

Мысалы, Сарыағаш ауданында “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер қоғам және мүдделі орган өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шараларға шықты. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде Сарыағаш АПБ ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің еріп жүруінсіз жүрген 32 кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы) бойынша ескерту жасалды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде құқықбұзушылыққа бейім үш кәмелетке толмаған жасөспірімді профилактикалық есепке алды. Полицейлер жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар екендігі туралы профилактикалық, түсіндіру әңгімелерін өткізді және ересектерге балаларды әсіресе түнгі уақытта үйден тыс жерлерге жібермеуге шақырды.

Қосымша айта кетер жайт, облыс полицейлері аталмыш іс-шара барысында құқықтық тақырыпта мыңнан астам дәрістер мен әңгімелесулер өткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру