Жазасын өтеуші жігіттің әкесі тергеу изоляторының басшылығына алғысын айтты
Атырауда тергеу изоляторында жазасын өтеп жатқан сотталғанның әкесі изолятор басшылығына алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес тергеу изоляторында шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандардың туыстарымен кездесуге рұқсат етілген болатын. Осы мүмкіндікті алғашқы болып пайдаланғандардың бірі – жол-көлік апатын жасағаны үшін 3 жылға сотталған 27 жастағы Нұрбағыт. Оған ұзақ мерзімді кездесуге әкесі келген.
Нұрбағыт биылғы жылдың 23 наурызында мас күйінде Атырау қаласы Геолог шағын ауданының тұсында бағдаршамда тұрған көлікке соғып, маусым айында Атырау қалалық №2 сотының үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Карантин талаптарына сәйкес ол бірнеше ай бойы әкесімен кездеспеген. Әке мен баланың кездесуіне мүмкіндік енді ғана туып отыр. Айдар өзінің ұлына ыстық тағамдар мен сусындар және анасының жүннен тоқыған шұлығын әкелген.
– Қанша жерден қателік жасаса да, ол менің ұлым болып қала бермек. Осындай өмірінің қиын сәттерінде ұлыма демеу болып, мекеме бастығының рұқсатымен және коронавирустық тест тапсырып, ұлыммен кездесуге келдім. Бұрын түрме дегенде ойыма тар қапас, ескі ғимарат, тіпті егеуқұйрықтар елестейтін еді. Алайда бүгін олай емес екендігіне көзім жетіп отыр, – дейді Нұрбағыттың әкесі Айдар.
– Мекеме басшылығы тарапынан әкеммен кездесуге барлық көмек көрсетілді. Сол себепті мекеме бастығына және қызметкерлеріне өзімнің алғысымды айтамын. Ұзақ уақыт көрмеген әкемді көріп, мауқымды бастым. Енді тезірек осы жерден шығып, қайта оралмауға тырысамын, – деді Нұрбағыт.