Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Желі қауіпсіздігі: ІІМ мен Meta арасындағы жаңа диалог

Ішкі істер министрі Ержан Саденов М.Нәрікбаев атындағы университет базасында өткен "TeenAccounts" форумына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі тақырыбы жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігі болды. Форум жұмысына Meta компаниясының (Facebook, Instagram және WhatsApp платформаларының иесі) басшылығы мен цифрлық қауіпсіздік саласының сарапшылары қатысты.

Конференцияда сөз сөйлеген министр интернеттегі балалар мен жасөспірімдерді қорғау ІІМ қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол кибербуллингтің, деструктивті контентке қолжетімділіктің және кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы әрекеттерге тартудың қауіптеріне назар аударды.

Форум аясында министр мен Meta компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президенті Саймон Милнер арасында екіжақты кездесу өтті.

ІІМ басшысы цифрлық технологияларды қылмыстық мақсатта пайдалану мәселелеріне тоқталды.

Саймон Милнер қазақстандық тараптың тікелей байланыс арнасын құру, жұмыс тобын жасақтау және желі пайдаланушыларының құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ағартушылық науқандарды іске қосу жөніндегі ұсыныстарын қолдады.

Тараптар цифрлық қауіпсіздік пен интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғау саласындағы тұрақты әріптестікті дамытуға дайын екендерін растады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру