Жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған ақтөбелік тұрғын қайтадан мас күйінде рөлге отырған
Ақтөбеде патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына небәрі екі ай болған 20 жастағы жүргізушіні мас күйінде рөлде отырған жерінен анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға таңғы сағат 5:00 шамасында қаладағы орталық даңғылдардың бірінде болған. Полиция қызметкерлері шетелдік есепте тұрған Kia Optima автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушіден алкоголь иісі сезіліп, масаңдық белгілері байқалған.
Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Ал дерекқор арқылы жүргізілген тексеру кезінде жас жігіттің осыдан небәрі екі ай бұрын көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жеті жыл мерзімге жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 751 мас жүргізуші анықталған. Оның 355-і бұған дейін көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жүргізу құқығынан айырылған.
Полиция көлікті алкогольдік масаң күйде басқару жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кейбір жүргізушілер көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, алкоголь ішкеннен кейін қайтадан рөлге отыруда.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және масаң күйде көлік басқаруға жол бермеуге шақырады.
