Жетісайда 100 адамдық құдалық той тоқтатылды
Жетісайда 100 адамдық құдалық той тоқтатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ның қызметкерлері сағат 14:30 шамасында жергілікті тұрғынның Асықата кентіндегі тойханалардың бірінде құдалық тойын өткізіп жатқанын анықтады. Тойға 100-ге жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды тоқтатты. Бұдан бөлек тойхана қызметкерлері карантиндік талаптарды сақтамай, бетпердесіз қызмет көрсетіп жатқандығы белгілі болды.
Жалпыға ортақ шектеу шараларын сақтамаумен қатар, карантин талаптарын елемеген тойхана мен той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Жетісай ауданы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.