Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысы бойынша “Динамо” дене-шынықтыру спорт қоғамының төрағасы сайланды

Жетісу облысы бойынша “Динамо” дене-шынықтыру спорт қоғамы мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен облыстық полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов төраға болып сайланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Дауыс беру спорттық қоғамдастық филиалы төралқасының кезектен тыс отырысында өтті, оған орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов қатысты.

– Бірінші кезекте, конференцияға қатысушылардың барлығына маған артқан сенімдері мен төралқа құрамын бекіткендері үшін алғыс айтамын. Динамо – бұл спорт кадрларының ұстаханасы, яғни еліміздегі спорттың ажырамас бөлігі, қозғаушы күші, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру мен арнайы даярлығын дамытуға, жетілдіруге өз септігін тигізеді. Сондықтан бізге қойылған міндеттерді шешуде үлкен үміт артылып отыр, – деп атап өтті Жетісу облысының департамент бастығы.

Талдықорған “Динамо” спорт кешенінің ескі ғимараты 80-жылдардың ортасында салынғаны белгілі. Алғашқы күндерден бастап “Динамо” есіктері спортты сүйетіндердің барлығына ашық. 2015 жылы Жетісу облысы ПД “Динамо” спорт кешені толығымен қайта құрылды.

– Спартакиадалардың танымалдығы жыл сайын өсіп келеді. Бұны көптеген спорт түрлерінен қатысушылардың артуынан байқауға болады. Полицейлердің спорттық жетістіктері тек Қазақстанда ғана емес, елден тыс жерлерде де белгілі. Өткен жылдың өзінде ғана халықаралық жарыстарда динамошылар түрлі номинациядағы 100-ден астам медаль жеңіп алды, – деп толықтырды Асқар Омарқұлов.

Облыстық полиция департаменті спортты дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және жастардың патриоттық дамуына айтарлықтай үлес қосты. “Жас Динамо” ұранымен полиция департаментінің спорт кешенінде өтеусіз негізде самбо, дзюдо және көркем гимнастика секциялары жұмыс істеуде. Сабақтарды ерікті-жаттықтырушылар бос уақыт есебінен өткізеді. Қазіргі уақытта бұл кешенде 146 бала спортпен шұғылданады.

– Ұйымның негізгі мақсаты – спортта жетістікке жету ғана емес, сонымен қатар балалар арасындағы қылмысты алдын алу. Балаларды спортпен шұғылдануға тарту – осы саладағы тиімді құралдардың бірі. Олардың спортқа деген қызығушылығын ояту, оларға қамқорлық жасау арқылы біз оларды жеке тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береміз. Біздің бұл әрекетіміздің нәтижесінде ертеңгі күні балалар еліміздің мақтанышы атанып, халықаралық турнирлерде Қазақстанның атын шығаруы да мүмкін, – деп түйіндеді облыстық департамент бастығы.

Төралқа мүшелері қорытындылап қана қоймай, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі. Орталық Кеңестің өкілдері дене шынықтыру мен спортты дамытуға құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлерін белсенді тартуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру