Жетісу облысы полиция департаментінде кеңес өткізілді
Жетісу облысы полиция департаментінде кеңес өтіп, онда ведомствоның биылғы жеті айдағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңес барысында департамент басшылығы қазақ күресінен “Жетісу Барысы – 2026” облыстық турнирінде жеңімпаз атанған полиция қызметкері Нияз Ерсайынды құттықтады.
Нияз Ерсайын жоғары спорттық жетістігі, табандылығы, шеберлігі және жеңіске деген жігері үшін марапатталып, оған ізгі тілектер айтылды. Департамент басшылығы спортшының “Жетісу Барысы – 2026” атағын иеленуі – оның жеке жетістігі ғана емес, бүкіл полиция ұжымы үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.
Енді Нияз Ерсайын республикалық “Қазақстан Барысы” турнирінде Жетісу облысының намысын қорғайды.
Салтанатты бөлімнен кейін жұмыс кеңесі жалғасты. Жиында полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің есепті кезеңдегі қызмет нәтижелері сараланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған нақты міндеттер белгіленді.
Кеңес барысында “Заң және Тәртіп” қағидатын іске асыру, профилактикалық жұмысты күшейту, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою, қызметтік тәртіпті нығайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар халықпен өзара байланысты жандандырып, азаматтардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру қажеттігі атап өтілді.
Полиция қызметкерлерінің елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарға белсенді қатысуына да басымдық берілді. Атап айтқанда, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жалпыұлттық “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасын қолдау бойынша тиісті міндеттер қойылды.
Департамент басшылығы азаматтармен ашық әрі сындарлы диалог орнату, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, профилактикалық жұмыстың сапасын арттыру, жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету полиция қызметінің негізгі бағыттары болып қала беретінін атап өтті.
