Жетісу облысы полиция департаментінде жұмыс қорытындылары шығарылып, басым міндеттер айқындалды
Жетісу облысы полиция департаментінде жұмыс қорытындылары шығарылып, басым міндеттер айқындалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінде ведомство бастығы Сарқытбай Құсаиновтың төрағалығымен жедел кеңес өтті. Жұмыс отырысына департамент бастығының орынбасарлары, басқарма басшылары, сондай-ақ облыстың аудандық және қалалық полиция бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.
Кеңес барысында есепті кезеңдегі қызмет нәтижелері қаралып, халықпен өзара іс-қимылды нығайту, жергілікті жерлердегі жұмыстың тиімділігін арттыру және жеке құрамға бақылауды күшейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметіне цифрлық технологияларды енгізу, заманауи жұмыс тәсілдерін дамыту және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағыттарына ерекше назар аударылды.
Отырыста өңір полициясының оң нәтижелері де атап өтілді. Атап айтқанда, жалпы құқық бұзушылықтар саны 16,1%-ға, қылмыстар саны 15%-ға төмендеген. Қылмыстарды ашу көрсеткіші 83,2%-ға жетті. Есепті кезеңде 23 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілген. Сондай-ақ профилактикалық кабинеттерге 2576 азамат жеткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуымен көшелерді патрульдеу жұмыстары күшейтілуде. Полиция қызметкерлері тұрақты түрде халықпен кездесулер өткізіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Цифрлық технологиялар мен бейнебақылау жүйелерін, сондай-ақ "Ekin Patrol" кешендерін енгізу нәтижесінде өңірде жыл сайын мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілуде. Қазіргі таңда полиция жұмысында 519 бейнебақылау камерасы қолданылып, бұл жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік беріп отыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 20,9%-ға азайған.
Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бағытында да айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Аталған санаттағы қылмыстарды ашу көрсеткіші 61,8%-ға жетіп, 500-ге жуық қауіпті интернет-ресурс бұғатталған. Халық арасында 49 мыңға жуық профилактикалық жадынама таратылған.
Есірткі қылмыстарына қарсы күрес барысында екі есірткі зертханасының қызметі әшкереленіп, тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 97 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, 550 рейд ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарында 498 дәріс өткізілді. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында малдарға жарық шағылыстыратын таспалар тағу тәжірибесі енгізілуде.
Кеңес барысында департамент басшылығы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, тәртіпті күшейту және полиция қызметін жетілдіруге қатысты тапсырмаларын жеткізді.
— Полицияның басты міндеті – халық сенімі, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Әрбір басшы қызметтік тәртіпті, халықпен жұмыстың сапасын және цифрлық шешімдерді енгізуді тұрақты бақылауда ұстауы тиіс, — деді Сарқытбай Құсаинов.
Кеңес қорытындысы бойынша бөлімше басшыларына Жетісу облысы аумағында қызмет тиімділігін арттыруға және заңдылықты нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар жүктелді.
