Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында бизнес пен полиция ынтымақтастықты күшейтуде

Жетісу облысында бизнес пен полиция ынтымақтастықты күшейтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінде профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастамасымен, кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен "Қауіпсіз қала" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелерін талқылау болды. Полиция деректеріне сәйкес, Талдықорған қаласындағы кафе, барлар мен түнгі клубтар құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін орындардың қатарында. Атап айтқанда 2025 жылы "102" арнасына 400-ден астам хабарлама түсіп, 22 қылмыстық дерек тіркелген. Ал 2026 жылдың басынан бері 9 құқық бұзушылық фактісі анықталған.

Іс-шара барысында кәсіпкерлерге нақты ұсыныстар берілді. Атап айтқанда нысандардағы күзет қызметін күшейту, бейнебақылау жүйелерін орнату, дабыл түймелерін енгізу, аумақтың жарықтандырылуын жақсарту және полициямен өзара іс-қимылды нығайту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, алкоголь өнімдерін сату талаптарын сақтау және мас күйдегі азаматтарды мекемелерге кіргізбеу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Полиция өкілдері өз сөзінде: "Қауіпсіздік – тек бір тараптың ғана міндеті емес, бұл – ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Басты мақсатымыз – жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу", – деп атап өтті.

Бүгінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың да рөлі артып келеді. Атап айтқанда, eGov мобильді қосымшасындағы "Заң және тәртіп" батырмасы арқылы азаматтар құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлай алады.

Кездесу қорытындысы көрсеткендей, мемлекет пен бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығы ғана қаланың шынайы қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру