Жетісу облысында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды
Жетісу облысында жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылған ер адам мас күйде қайта көлік жүргізген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл факт Көксу ауданында тіркелді. Онда 31 мамырда Балпық би кентінде патрульдік полиция қызметкерлері Audi А-6 автокөлігін тоқтатты. Автокөлікті 37 жастағы жергілікті тұрғын мас күйінде тізгіндеген. Арнайы мәліметтер базасын тексергенде, ер адам 2021 жылдың көктемінде 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
Қылмыстың қайталануын ескере отырып, ұсталған адам енді қылмыстық заң бойынша неғұрлым қатаң жауапкершілікке тартылады. Көлік арнайы тұраққа қойылды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жыл басынан бері облыста алкогольдік ішімдік ішкені үшін 268 жүргізушіге қатысты әкімшілік жаза қолданылды. Сондай-ақ 14 жүргізуші қайта құқық бұзушылыққа жол бергені үшін ұсталды және қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.