Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының ҚАЖ қызметкерлері балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады

Қызылорда облысының ҚАЖ қызметкерлері балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интернатында “Бақытты балалық шақ” тақырыбында іс-шара өткізілді. Іс-шараға тәрбиеленушілердің ата-аналары мен Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспекторы Гульзинат Жылқаманова, ҚАЖ қызметкері Ақбота Жахман барып, балаларға мерекелік сыйлықтар мен тәттілер үлестіріп берді. Мереке қарсаңында жақсы көңіл-күй сыйлаған балалар пробация қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

– “Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады” деген даналық сөз бар. Халықаралық балаларды қорғау күні – бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін күн. Бүлдіршіндердің жүзінен күлкі көру – біз үшін ерекше бақыт. Осы мақсатта игі бастаманы қолдап, пробация қызметкерлері де өз үлестерін қосты. Әр сәбиге бақытты балалық шақ тілейміз, – деді пробация қызметінің аға инспекторы Г.Жылқаманова.

Сондай-ақ осы мереке қарсаңында Қызылорда облыстық ҚАЖД-ға қарасты №68 мемлекеттік мекемесінде кадр саясат тобы “Біз бақытты баламыз” атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Оған жеке құрам мен ерікті жалдамалы қызметкерлердің балалары аналарымен келіп қатысты. Алғаш болып сөз алған мекеме бастығы Қайырбек Илясов келушілерге құттықтау сөзін арнады.

Бұдан соң, балалар жеке-жеке сахнаға шығып, өздерін таныстырып, ата-аналары мен отбасы туралы айтып берді. Үй тапсырмасы ретінде берілген “Мен бақытты отбасының баласы” деген онлайн байқауда қаржымен қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері Жадыра Танбаеваның қызы Шапағат Сейітқасым жазған шығармасы ерекше болып оқылды. Келесі кезекте режим және күзет бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Романкуловтың балалары тақпақ айтып, қиын жұмбақтарды шешіп, алғыр екендігін дәлелдеді. Ал сәлем-сауқат қабылдау бөлмесіндегі бақылаушы Салтанат Омарованың қызы сурет салу үйірмесінде майлы бояумен салған үш туындысын көрсетті. Тәрбие бөлімінің теолог маманы Рашид Рузиевтің қызы мен аға психолог Мырзалы Айзаттың ұл-қыздары ертегі айтты. Бас есепші Мадина Смайлова мен тыл бөлімінің аға инспекторы Жадыра Маңызбаеваның ұл-қызы былдырлаған бал тілімен көрермендерді сүйсінтті.

Сондай- ақ бұл күні жас өрендер ата-аналарының жұмыс бөлмелерін аралап көрді. Іс-шара соңында өз өнерлерін көрсеткен балаларға кадр саясат тобынының аға инспекторлары М.Тұрымбетов пен Ж.Даулетиярова көлемді силықтар беріп, бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру