Жетісу облысында полицейлер Балқашқа бет алған жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Жазғы туристік маусымның басталуына байланысты Балқаш көліне бет алған демалушылар саны күн сайын артып келеді. Осыған орай Балқашқа апаратын негізгі бағыттардың бірі – Лепсі ауылында Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқаруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Туристік маусым аясында полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық кездесулер өткізіп, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар көлік құралын мас күйде басқармау, белгіленген жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану және жолда барынша мұқият болу қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Жаздың аптап ыстығын ескерген тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларға ауыз су таратып, оларға сәтті сапар, көтеріңкі көңіл күй және Балқаш жағалауында қауіпсіз әрі жайлы демалыс тіледі.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар туристік маусым бойы тұрақты түрде жалғасады. Оның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.
