Жетісу облысында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық рейд өтті
Жетісу облысында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық рейд өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкоголь адамның денсаулығына ғана емес, оның өміріне, отбасына және қоғамдағы орнына да кері әсерін тигізеді. Ол отбасылық жанжалдарға, ауыр сырқаттарға, тәуелділікке ұрындырып қана қоймай, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жасалуына да себеп болуы мүмкін.

Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында Текелі қаласында полиция қызметкерлері прокуратура өкілдері және еріктілермен бірлесіп профилактикалық рейд ұйымдастырды.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары қала тұрғындарымен кездесіп, алкогольді шамадан тыс тұтынудың зияны туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының иелеріне қолданыстағы заңнама талаптары және оларды бұзған жағдайда көзделген жауапкершілік жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жерлеріне барып, олармен жеке профилактикалық әңгімелер өткізді. Кездесу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарын сақтау және құқыққа қайшы әрекеттерді қайталап жасаудың құқықтық салдары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жетісу облысының полициясы азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырады. Салауатты өмір салты мен заңға құрмет – қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның берік негізі.
