Жезқазғанда жыл басынан бері 56 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді
Жезқазғанда жыл басынан бері 56 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жезқазған полиция қызметкерлері қала тұрғындарын киберқылмыскерлердің тарапынан келетін қауіп туралы ескерту үшін еріктілермен бірлесе қала көшелеріне шығып, жадынама таратты.
Қаладағы ірі сауда орталықтарының маңында үлестіріп, қала тұрғындарына қылмыстың басты схемалары жайлы жеткізді.
Жезқазған қаласының Полиция басқармасы криминалды полиция бөлімінің қызметкері Меруерт Рахимжанованың айтуынша, жыл басынан бері қала бойынша 56 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.
Алаяқтар өздерін банк қызметкері, шағын несие рәсімдеуге көмек беруші, ақшаны көбейту жолдарын үйретуші және онлайн сауда жасаушы ретінде таныстырып отырған. Алдын ала төлем жасауды талап ету – кибералаяқтардың кеңінен тараған әдістерінің бірі. Жыл басынан бері тіркелген интернет-алаяқтықтың көбі тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем жасаумен байланысты.
Бұдан басқа, мереке қарсаңында әр түрлі акциялар туралы белгілі брендтардың атын жамылған алаяқтар жариялайтын хабарландырулардың саны арта түсетіні сөзсіз. Қандай да бір төлемдерді және бонустарды уәде ету құпия деректермен бөлісуді талап етеді, бұл деректерді алғаннан кейін алаяқтар сенгіш адамдарға қаржылай шығын келтіруі мүмкін. Тәртіп сақшылары адамдардан сақ болуды, алдын ала төлем жасауға келісім бермеуді сұрайды. Сонымен қатар, полицейлер күмәнді сілтемелерді ашпауды, алаяқтардың өздерін “банктің қауіпсіздік қызметінен” деген қоңырауларына сенбеуге және бейтаныс адамдарға банк карталарының cvv-кодын, құпия сөздерін, sms-хабарлама арқылы келетін бір реттік қолжеткізу кодын сеніп тапсырмауды ескертеді.