Жол қауіпсіздігі: Атырауда полиция рейдтік жұмыстарды күшейтті
Атырауда демалыс күндері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, рейдтік іс-шаралар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейд барысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер анықталып, әрбір дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда. Полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйінде басқару, белгіленген жылдамдықты асыру және жол қозғалысы қағидаларын өзге де бұзу фактілеріне ерекше назар аударуда.
- Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан барша жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Көлік құралын мас күйінде басқармау, белгіленген жылдамдық режимін сақтау және жолдағы өзге де қауіпсіздік талаптарын орындау – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Жолдағы тәртіпті сақтау жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі, – деді патрульдік полиция батальоны командирінің қызмет жөніндегі орынбасары Өсер Жәңгірхан.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы қағидаларын сақтап, жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
