Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзған елордалық құрықталды
Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзған елордалық құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың тамыз айынан бері 28 жастағы қала тұрғыны екінші рет мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Полиция қызметкерлері жүргізушіні сағат 02:30-да Бесшатыр тар көшесінде Audi 80 көлігімен тоқтатты.
Тәртіп сақшылары құжаттарды тексерген кезде жүргізушінің 2021 жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын анықтаған.
Алайда, жүргізуші өткен жылы көлікті басқару құқығынан айырылғанымен, қайтадан мас күйде рөлге отырып, ол үшін ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша жауапқа тартылды.
Қазіргі уақытта жол қозғалысын қасақана бұзушы қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.
Көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның басқаруы – 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, шектеуге немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Елордалық полицейлер көлікті мас күйінде жүргізуге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге баса назар аударады. Қабылданған шараларға қарамастан, жүргізушілер масаң күйде көлік тізгініне отырып, өз өміріне, сонымен қатар басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Сәуір айының басынан бері елордада 77 мас жүргізуші ұсталса, биылғы жылдың басынан бері 500-ден астам жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды.