Жол тазалығына жауапты ұйым жауапкершілікке тартылды
Алматы облысындағы жолға жауапты ұйым автожолдарды тазалау бойынша тиісті жұмысын жасамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында полицейлер тиісті ұйымдардың автожолдарды күтіп ұстау талаптарын орындауын қадағалау тұрғысынан жол инспекциясын жүргізеді.
– Атап айтқанда, Алматы облысындағы жол ұйымдарының жолдағы қарды күреу жұмыстарының сапасын тексеру мақсатында Полиция департаменті Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің инспекторлары «Сарыөзек-Көктал» және «Сарыөзек кентінің айналма автожолдарын» тексеру жүргізді. Тексеру барысында соңғы жауын-шашыннан кейін жолды тазалау және оған инертті материалдарды шашу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегені анықталды. Салғырттық нәтижесінде пайда болған қар мен мұз жол апаттарына әкеп соғуы мүмкін екені белгілі. Осыған орай, «Қазақавтожол» ЖШС № 18 ЖПУ жол ұйымына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабының 1-тармағына сәйкес автожолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 30 АЕК мөлшерінде 83 340 теңге айыппұл салынды. Анықталған кемшіліктерді жою туралы тиісті нұсқама берілді, – деп түйіндеді Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серіжан Әбжанов.
Жыл басынан бері Әкімшілік полиция қызметкерлері облыс аумағында жалпы қолданыстағы автожолдарға 1 875 тексеру жүргізді. Жол ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жоюды міндеттейтін 1891 ұйғарым жіберілді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін құқық қорғау органдары ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабына сәйкес 238 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырып, жалпы сомасы 6 млн. 611 теңгеден астам айыппұл салған.