Жолдағы балалардың қауіпсіздігі – қоғамның қамы
14 ақпаннан бастап балалардың қатысуымен орын алатын ЖКО алдын алу, балалардың жол-көлік жарақатына жұртшылықтың назарын аудару мақсатында республика көлемінде “Балалардың жолдағы қауіпсіздігі!” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 122 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 169 бала түрлі жарақат алған.
Іс-шараға полиция қызметкерлерінен басқа, жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау, білім беру органдары, сондай-ақ барлық мүдделі азаматтық қоғам институттары қатысады.
Мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына басты назар аударылады.
– Балаларды көшеде қараусыз қалдырмауды және оларға жолдың жанында ойнауға рұқсат бермеуді еске салады. Балаларды кішкентай кезінен жол қозғалысы ережелерін сақтауға үйретіңіз, балаларға ешбір жағдайда кенеттен көшеге шығуға, жолға, соның ішінде жаяу жүргіншілер өткеліне жүгіруге болмайтынын үнемі түсіндіріңіз. Құрметті жүргізушілер! Жол-көлік оқиғаларыналдын алуда сіздердің үлестеріңіз зор. Сізге ерекше қырағылық пен сақтық қажет. Кішкентай жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығы сіздің жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындауыңызға байланысты екенін ұмытпаңыз, – делінген хабарламада.