Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Жұмысқа орналастырып беремін”: Алаяқ тұрғындарды сан соқтырды

Түркістан облысының полицейлері “жұмысқа орналастырып беремін” деп бірнеше тұрғынды алдаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар АПБ-не жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны туралы шағымданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ауылдас танысы оның сеніміне кіріп, алаяқтық жасаған. Яғни емханалардың біріне өзін, күйеуін және екі қайын інісін жұмысқа орналастырып беремін деп алдап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион 600 мың теңге. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Осыған байланысты аудандық полиция қызметкерлері тез арада әрекет етіп, елді алдап, сан соқтырған күдіктіні ұстауға кірісті. Көрген-білгендерден жауап алды.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары оңай жолмен ақша табуға тырысқан, күдікті жас әйелді ұстады. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты. Алаятық жолмен алған көлемді ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жаратып жіберген.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті әйел өзінің ауруханада жұмыс жасайтын анасының атын жамылып, жәбірленушілерді алдаған. Сонымен қатар осындай арызбен аталмыш алаяққа қатысты полиция қызметкерлерінің көмегіне тағы да төрт тұрғын жүгінген. Күдікті олардың әрқайсысынан алаяқтық жолмен 500 мың теңге ақшадан алып отырған.

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 3,5 миллион теңге. Күдікті әйел ауыл тұрғындарына әлеуметтік желі арқылы жұмысқа орналастырып беретінін хабарлаған. Содан соң алдап ақшаларын алып, не жұмысқа орналастырмаған, не ақшаларын қайтармаған.

Өз кезегінде Түркістан облысының тәртіп сақшылары тұрғындарға барынша абай болуға, сенгіштікке салынбауға кеңес береді. Алаяқтардың әртүрлі арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Егер сіз осындай алаяқтық фактілерінің құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға, “102” телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру