Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Жүргізуші куәлігін жасап беремін”: түркістандық полицейлер 4 бірдей ер адамды алдаған әйелді құрықтады

Түркістандық полицейлер жүргізуші куәлігін жасап беремін деп 4 бірдей ер адамды алдаған қызылордалық әйелді құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде хабарлап, шағым түсірді. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, ол өткен жылдың қазан айында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жанында бейтаныс әйелмен танысқан.

Содан әңгіме барысында танысқан әйел жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, әбден сендіреді. Осыдан соң ер азамат бейтаныс әйелге 130 мың теңге береді. Алайда екі ай ішінде бітеді деген жалған уәде бір жылға созылады. Жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін полицейлерден көмек сұрайды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды. Алаяқтық қылмысына байланысты полиция қызметкерлерінен тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті.

Нәтижесінде, осы жайтқа қатысы бар бұрын сотты болған Қызылорда облысының тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, күдікті әйел жәбірленуші азаматтың сеніміне кіріп, аз уақыт ішінде жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтқан. Содан соң ақшасын алып, бас пайдасына жаратып жіберген.

Сондай-ақ, ұсталған әйелдің бұған дейін де үш азаматтан дәл осындай алаяқтықпен жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтып, ақша алғаны анықталды. Жалпы шығын көлемі 550 мың теңге.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру