Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жүргізуші куәлігінсіз мас халде трактор айдаған тұрғын анықталды

Түркістан облысының полицейлері жүргізуші куәлігінсіз мас халде трактор айдаған тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді. Осындай кезекті рейд барысында Қазығұрт АПБ-нің қызметкері Ерік Алимбаев өзінің қызметтік міндетін атқарып жүріп, сағат кешкі 20:00 шамасында Қазығұрт елдімекенінде күдік тудырған “МТЗ-80” маркалы тракторын тоқтатады.

Автокөлік иесінің құжаттарын тексере келе, оның ағымдағы жылдың наурыз айында ғана Қазығұрт ауданының мамандандырылған әкімшілік сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады. Соған қарамастан жол ережесін бұзған жүргізуші заңсыз әрекетін қайталап, екінші рет аталмыш көлікпен мас халде жүрген. Яғни жүргізушіге жүргізілген медициналық зерттеудің қорытындысына сәйкес, оның “орта дәрежелі” мас халде екені расталды.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркелді. Жүргізушінің бас шарасы “қолхатта”. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, соттың шешімімен заңға сәйкес шара көрілетін болады.

Негізінде жол-көлік оқиғалары көбіне осылай рөлге мас күйде отыру салдарынан болады. Сондай-ақ жиі жол апатын тудыратын жайттар: жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу, көше қиылыстарын дұрыс өтпеу, қарсы бағытқа шығу. Жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың да жолда жүру ережесін бұзуы жол-көлік оқиғасына әкеп соғады. Сондықтан жолда жүргенде жол ережесін сақтау көлік жүргізушісіне де, жолаушыға да, жаяу жүргіншіге де қатысты. Ең бастысы ішімдік ішіп көлік тізгіндемеңіз. Бұл өз өміріңізбен қатар, өзгенің де өміріне қауіпті болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру