Жүргізуші мен жолаушылар СҚО патрульдік полицейлеріне алғыс айтты
Жүргізуші мен жолаушылар СҚО патрульдік полицейлеріне алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының екі тұрғыны және РФ тұратын олардың ағасы СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне алғыс білдірді. Олардың Волга көлігі Новотроицктің маңындағы Челябі – Новосібір трассасының 600 шақырымында сынып қалған. Ұялы байланыс желісі бұл жерде істемейді. Жол-жөнекей басқа көліктер тоқтамай өте шыққан.
– Бағымызға орай, капоты ашық, жол жиегінде тұрған көлігімізді көріп, полиция қызметкерлері тоқтады (борт. №562). Полиция капитаны Сүлейман Нұрғалиев және полиция аға лейтенанты Николай Фоменко көліктегі ақауды жөндеу үшін бар күш-жігерін салды, – делінген хатта.
Тәртіп сақшылары аудан орталығы Булаевтан қажетті бөлшектерді іздеп тауып, май әкелді. Волганың ақаусыз жұмыс істеп тұрғанын көрген соң ғана, өз қызметтеріне кірісті.
– Қол ұшын созған ашық жандарға алғысымыз шексіз. Мамандығын жүрек қалауымен таңдаған полицейлердің бары бойға мақтаныш ұялатады, – дейді жол жүрісінің қатысушылары.
Сүлейман Нұрғалиевтың айтуынша, демалыс кезінде – патрульдік полицейлердің жұмысы арта түседі. Республикалық маңызы бар жолдардағы көлік саны көбейіп, көліктердің сынуы жиі кездеседі.
– Біз тек өз жұмысымызды атқарамыз. Бағытқа шыққан кезде жолдарда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге нұсқау аламыз. Біздің жұмысымыздың мақсаты – әрбір көліктің барар жеріне аман-есен жетуі, – дейді ол.
Полицейлер автокөлік жүргізушілерінен алыс сапарға шыққан кезде көлік құралының техникалық жағдайына көз жеткізіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.