Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда кавалеристтер мен кинологтар жоғалған 7-сынып оқушысын іздеді

Петропавлда кавалеристтер мен кинологтар жоғалған 7-сынып оқушысын іздеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

5 тамыз күні Петропавл қаласы ПБ және облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері іс-түссіз жоғалған 7-сынып оқушысын іздеді. Балада ұялы телефонының болмауы жағдайы айтарлықтай қиындата түсті. Ол саяжай массивінен кетіп қалған. Іздеуге Петропавл қаласының ПБ патрульдік полиция батальонының кавалерия бөлімшесінің қызметкерлері мен қызметтік-іздеу иттерімен бірге кинологтар жұмылдырылды. Сондай-ақ, іс-шараға патрульдік полицейлер, учаскелік инспекторлар, жедел бөлімнің қызметкерлері, ювеналдық қызметкерлер қатысты. Олар жасөспірімді қала көшелерінен іздеп, оның таныстарынан да сұрастырды. Еріктілер әлеуметтік желілерде бағыт-бағдарлар таратты. Қуанышқа орай, сағат 17:00 шамасында туған-туыстарына баланың табылғандығы туралы жақсы хабар жетті.

– Кәмелетке толмағандардың жоғалуы, олардың үлкендерді ескертпей, көбіне өз беттерімен қыдырып кетуінен орын алады. Кейде жасөспірімдер, ересектердің оларға кедергі келтірмеуі үшін ұялы телефондарын әдейі сөндіріп тастайды. Олар бұл әрекеттері туған-туыстарын қаншалықты алаңдататынын да ескермейді, әсіресе жазда, олардың дені су жағасында, кей кездері рұқсат етілмеген жерлерде уақыт өткізуге құмар келеді, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Жыл басынан бері облыста жасөспірімдердің жоғалуы туралы 47 өтініш келіп түсті. Олардың барлығы табылды, басым бөлігі кезекші тәулік ішінде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру