Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 400-ге жуық жол-көлік оқиғасы орын алған

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғаларының салдарынан 50 адам қаза тапқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылдың  9 айында  Ақтөбе облысында 400-ге жуық жол-көлік оқиғасы орын алды, оның 60 пайызы жылдамдық режимін арттыру салдарынан болған.

Жол-көлік оқиғаларының салдарынан 50 адам қаза тауып, 346 адам түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған.

14 қазанда Бәйішев көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. 42 жастағы «Toyota Hilux» автокөлігінің жүргізушісі көлік қозғалысы кезінде жолдың жүру бөлігін солдан оңға қарай кесіп өтпек болған  екі жаяу жүргіншіні қағып кетті.

Жол апаты салдарынан 21 және 28 жастағы жергілікті тұрғындар  зардап шекті. Азаматтар Ақтөбе қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

17 қазан күні  Хромтау қаласында 20 жастағы «Ниссан» автокөлігінің жүргізушісі реттелетін қиылыста солға бұрылған  кезде қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, 17 жастағы колледж студенті айдап келе жатқан «ROCЕR-49» маркалы мопедпен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 21 жастағы мопед жолаушысы Хромтау ауданының орталық аудандық ауруханасына түсіп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.

«Автокөлік жүргізушісі көлік құралының тек қозғалыс құралы ғана емес, сонымен қатар жол ережелерін сақтамаған жағдайда басқа адамдар үшін қауіп көзі екенін әрдайым есте ұстауы керек. Статистикаға сәйкес жыл басынан бері орын алған жол-көлік оқиғаларының 60 пайызы автоәуесқойлардың жылдамдық режимін бұзуы себебінен туындаған. Жүргізуші көлік құралын қозғалыс қарқындылығын, көлік құралы мен жүктің ерекшеліктерін, жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен жүргізуі тиіс. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін сақтаған жағдайда жол-көлік оқиғаларының туындау ықтималдығы азаяды, жол қозғалысы қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі»,  – деді  Полиция департаментінің бастығы А.Арыстанов.

 

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру