Жыл басынан бері республика аумағында заңсыз айналымнан 340 келіден астам есірткі алынды
Жыл басынан бері республика аумағында заңсыз айналымнан 340 келіден астам есірткі алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдары қызметінің басым бағыты болып табылатын, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл өзекті мәселе болып қала беруде.
Биылғы жылдың қаңтар айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты еліміздің бірқатар өңірлерінде өткізілген іс-шаралар барысында аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау фактілері бойынша 90-ға жуық қылмыс анықталды, оның ішінде 59-ы есірткіні сату, 28-і сақтау және 6-ы контрабанда дерегі болып табылады.
Заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарының жалпы салмағы 340 келіні құрады, оның ішінде 77 келі гашиш және 600 гр героин бар.
Мысалы, Ақтөбе облысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағымен бірлесіп, ұзақ уақыт марихуана және гашиш тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеттерінің жолы кесілді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталғандар мініп жүрген автомашиналардан, олардың тұрғылықты жерлерінен 180 келіге жуық марихуана және 10 келі гашиш алынды.
Жамбыл және Қостанай облыстарында полицейлер облыс тұрғындарын ұстап, олардан 10 және 5 келіден гашиш табылып, алынды.
Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында аса ірі мөлшерде марихуана сақтағаны үшін ұсталған ШҚО Алғабас ауылының 49 жастағы тұрғынынан 25 келі марихуана, ал Шу қаласының тұрғынынан 10 келі кептірілген марихуана мен 17,5 келі марихуана дәндері табылып, алынды.
Жамбыл облысының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының 260 шақырымында Алматы қаласының тұрғыны басқарып келе жатқан жеңіл көлікті тоқтатқан. Автомашинаға тінту жүргізу барысында оның жүксалғышынан 48 келі гашиш салынған екі шаруашылық сөмкесі табылды.
Ірі көлемдегі ұстаулар қатарында Қордай ауылының бұрын сотты болған тұрғынынан 570 гр героин тәркілеу фактісін атап өтуге болады.
Өскеменде ақпараттық ресурстарды қолдану арқылы синтетикалық есірткілер сату арнасының жолы кесілді, атап айтқанда 20 жастағы облыс орталығының тұрғыны есірткіні өзі буып-түйіп, белгілі бір жерлерге салып кету арқылы сатумен айналысқан.
Оның тұрғылықты жері бойынша тінту барысында буып-түюге және психотропты заттарды өлшеуге арналған құрылғылар, атап айтқанда электронды таразы, пакеттер, өлшеуіш қасық және ыдыс, қызғылт түсті изолента, фольга орамы, сондай-ақ салмағы 200 гр болатын психотропты заттар салынған 53 пакет табылып алынды.
Ұсталған адамның айтуынша, ол психотропты заттарды облыс орталығында сату үшін «Telegram» қосымшасы арқылы Өскемен қаласында белгілі бір жерге салып кету жолымен алған.
Сөзге тиек етсек, өткен жылы ішкі істер органдары 2144 есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде өткізудің 1300 фактісі бар. Заңсыз айналымнан 26 тоннаға жуық есірткі алынды, оның ішінде 100 келісі есірткінің синтетикалық түрлері болыпт табылады. 7 есірткі зертханасы жойылды, олардан пайдалануға дайын 65 келіден астам есірткі алынды.
Психобелсенді заттардың жаңа түрлерін таратудың 80 фактісі тіркелді, оның ішінде есірткі жарнамасының 138 фактісі бар. Есірткі таратумен айналысқан 850-ден астам сайт бұғатталды.