Павлодарда оқушы ұстазына WhatsApp арқылы балағат сөздер жазған
Павлодарда оқушы ұстазына WhatsApp желісі арқылы балағат сөздер жазған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының ювеналдық полиция тобының қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты және олар жасаған құқыққа қайшы әрекеттерге байланысты құқық бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған тұрақты профилактикалық жұмыс жүргізеді.
– Қаланы кезекті түнгі патрульдеу кезінде біз кейбір ата-аналар заңнама нормаларын сақтамайтынын және өз балаларына дұрыс қарамайтынын анықтадық. Көптеген жасөспірімдер түнгі уақытта көшелерде жүреді, кешкісін ойын-сауық орындарына барады, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасы Орталық ПБ ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Әсия Әлкеева.
Мысалы, сағат 23.00-ден кейін қаланың орталық жағалауында серуендеп, үйге баруға асықпаған жасөспірімдер анықталды. Тәртіп сақшыларының сұрақтарына кәмелетке толмағандар ата-аналары мұндай уақытта жүруге рұқсат береді деп жауап берді. Сондықтан олардың ата-аналары полиция бөліміне шақырылып, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түстен кейін аулалардың бірінің орындығында 16 жастағы жасөспірім ішімдік ішкен. Ол қыздың анасы ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, бірнеше күн бұрын Павлодар мектебінің мұғалімі полицияға жүгініп, оқушыға шағымданды. Оның айтуынша, оқушысы WhatsАpp желісі арқылы оған балағат сөздер жазған.
Кәмелетке толмағанға қатысты мұндай әрекет үшін ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал Павлодар облысының Кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді.
Айта кету керек, биыл кәмелетке толмағандардың ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 33 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.