Көлік полицейлері мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады
Көлік полицейлері мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
«Заңсыз келуші – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген екі күн ішінде көлік полицейлері Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған 38 шетелдік азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Көші-қон заңнамасын қасақана бұзғаны үшін соттардың қаулысымен елден 6 шетелдік шығарылды. Сондай-ақ шақырылған шетелдіктердің белгіленген тәртіпте болу ережелерін бұзған Қазақстан Республикасының 8 азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, Алматы қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, әуежайдың халықаралық ұшу залында мемлекетаралық іздеуде жүрген 62 жастағы қылмыскерді анықтап, ұстады. Ресей Федерациясының азаматы РФ Қылмыстық кодексінің 159-бабында көзделген, яғни алаяқтық қылмыс жасағаны үшін іздеуде болған. Құқықбұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Естеріңізге сала кетейік, 10-17 қазан аралығында департаменттің жедел-қызмет көрсету аумағында елімізде заңсыз жүрген азаматтарды анықтау және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу мақсатында «Заңсыз келуші – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.