СҚО-да бір күнде екі автокөлік жүргізушісіне полицейлердің көмегі қажет болды
СҚО-да бір күнде екі автокөлік жүргізушісіне полицейлердің көмегі қажет болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусымаралық кезеңде Солтүстік Қазақстан жолдарында автокөлік жүргізушілері күтпеген жағдайларға тап болады. 23 қазанда Уәлиханов ауданы аумағында 13 жолаушы мінген Volkswagen Bus көлігінің жүргізушісі жолды қысқартпақ болып, қара жолға түскен. Түнде жауған қар еріп, батпаққа айналып, шағын автобус батып қалған. Жолшыбай өтіп бара жатқан жеңіл көліктегі ауыл тұрғыны Ақбұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторының нөмірімен бөліскен. Қоңырау қабылдаған полиция капитаны Серік Әмірбеков жергілікті ЖШС-лардың бірі – “Орда Солтүстік KZ” басшысына жүгінген. Ол трактор бөлген, жүргізуші Берік Макимов Volkswagen көлігін бірнеше шақырым жердегі грейдерге жеткізіп салды.
– Автокөлік иелерінен, әсіресе маусымаралық кезеңде жолға шығуды жоспарлауға аса сақтықпен қарауды, күтілетін көктайғаққа дайын болу үшін ауа райы болжамы мен ТЖ қызметі жолдайтын ескертулерді қадағалап отыруды сұраймыз. Көлік құралының техникалық жағдайын қадағалап отырып, жөндеуге қажетті құрал-саймандарды, тростар, толық қуатталған телефондар, жылы киімдерді бірге алып жүрген дұрыс, — дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.
Сол күні Жезқазған – Петропавл тас жолында Приишимка мен Водопроводное ауылдарының арасында кішкентай баласымен жолға шыққан отбасының Нива автокөлігі сынып қалған. Адамдар күн суықта көлік салонында үсіп қалудан қауіптенген. Абырой болғанда, патрульдік машина келіп жетті. Батальон қызметкерлері Мереке Омаров пен Денис Геккель қызметтік көлікте жылынуға мүмкіндік жасады. Бұл уақытта ППБ бірінші взвод командирі аға лейтенант Нұрсұлтан Аушахманов келіп жетті, сол күні ол тексеруші болған. Ол Ниваны тіркеуге алып, 40 километр жердегі облыс орталығына жеткізген. Риза болған адамдар бұл оқиға жайлы Instagram-да жазған.
– Өмірде осындай қайырымды жандардың болғаны қандай қуанышты. Жас жігіттерге отбасына амандық, денсаулық, олардың күрделі жұмысында шыдамдылық тілейміз. Шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – делінген хатта.