Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы аламын деген әйел ақшасынан айырылды
Шымкенттік әйел мемлекеттен қайтарымсыз қаржы аламын деп жарты млн теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
30 қазан сағат 16:00-де Әл-Фараби АПБ-ға жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол өз арызында төрт айдан бергі танысы мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржы 5 млн теңге алып беремін деп 500 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп алғанын жазып көрсеткен.
Аталған дерек ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматшаны тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 25 жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Тергеу барысында ұсталған азаматша заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді. Қазіргі уақытта күдіктінің алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізілуде.