Астанада алаяқтықтың екі фактісіне қатысы бар күдікті ҰУИ-ға қамалды
Астанада алаяқтықтың екі фактісіне қатысы бар күдікті ҰУИ-ға қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бір күнде ер адамның алаяқтықтың екі фактісін жасағаны анықталды. Ол қонақ үйде банктің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасаған болып, жалған чек көрсеткен.
Сол күні ол түнгі уақытта 18 жастағы астаналықты алдаған. Анықталғаны, жас жігіт көшеде қоңырау шалу сылтауымен телефон сұраған ер адамды кездестірген. Телефонды алғаннан кейін күдікті сөйлескен кейіп танытып, біраз жерге алшақтап, содан кейін белгісіз бағытқа қарай қашып кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық жасады деген күдікпен қаланың 30 жастағы тұрғыны ұсталды.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар ер адамның бір күн бұрын білім беру орталығында ұрлық жасағаны анықталды. Таңертең күдікті үй-жайға кіріп, 30 мың теңге көлемінде ақшалай қаражаты бар әйел сөмкесін ұрлап әкеткен.
Күдікті қылмыс жасағанын мойындады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұрын тонау қылмысы үшін сотталғаны белгілі болды. Елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.