Есірткілік мас күйде ұсталған жүргізуші мен жолаушыдан психотропты дәрілер тәркіленді
Атырауда есірткілік мас күйде ұсталған жүргізуші мен жолаушыдан 70 психотропты дәрі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қараша сағат 21:50 шамасында Атырау қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Авангард ықшам ауданынан Hyundai Accent автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көлік жүргізушісі мен жолаушысының есірткілік мас күйде екенін байқаған. 28 жастағы жүргізуші мен 27 жастағы жолаушысы сараптамадан өткізіліп, есірткілік мас күйде екендігі анықталды.
Аталған көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік хаттама толтырып, іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданды.
27 жастағы азаматшадан әсері жоғары және тек қана дәрігердің рұқсатымен ғана берілетін 29 дана тропикамид, 41 дана трамадол дәрі-дәрмегі тәркіленді. Дерек бойынша Атырау ҚПБ-ның жедел-тергеу тобы тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, тәркіленген психотропты дәрі-дәрмекті қандай мақсатта қала аумағында алып жүргенін және қайдан алғанын анықтап жатыр.